
Astana Motors пен Hyundai Motor Company арасындағы келісімге Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары аясында Сеулде қол қойылды.
Бесінші буындағы жаңа Hyundai Tucson көлігін Қазақстанда өндіру 2027 жылғы желтоқсанда басталады. Алматы қаласындағы Hyundai Trans Kazakhstan зауытында автомобиль өндірісін жергіліктендіру туралы келісімге Astana Motors компаниясының негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов пен Hyundai Motor Company (HMC) компаниясының атқарушы вице-президенті О Ик Кюн (Oh Ick Kyun) қол қойды. Салтанатты рәсім Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына сапары барысында Сеулде өтті.

Фото: Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Hyundai Motor Group компаниясының президенті әрі стратегия және жоспарлау бөлімшесінің басшысы Сунг Киммен кездесуі. © Ақорда
2027 жылғы Hyundai Tucson моделі Алматыдағы Hyundai Trans Kazakhstan зауытында шанақты дәнекерлеу және бояу жұмыстарын қамтитын ұсақ түйінді өндіріс әдісімен (CKD) өндіріледі. Жобаға салынатын инвестиция көлемі 67 млн АҚШ долларын (30,2 млрд теңге) құрайды.
«Бесінші буындағы жаңа Hyundai Tucson қазақстандықтардың үлкен қызығушылығын тудырды. Модель футуристік дизайнға ие болып, алдыңғы буынынан айтарлықтай ерекшеленеді. Бұл автомобильді Қазақстанда CKD технологиясы бойынша өндіретінімізді мақтан тұтамыз. Бұл Hyundai Motor Company компаниясының біздің зауыттың мүмкіндіктеріне және қазақстандық мамандардың кәсібилігіне деген сенімін растайды», — деп атап өтті Astana Motors компаниясының негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов.

Фото: 2027 жылғы Hyundai Tucson моделі
Жоба Hyundai Motor Company талаптарына сәйкес шанақты дәнекерлеу және бояу, автомобильді құрастыру және дайын өнімнің сапасын бақылауды қоса алғанда, CKD өндірісінің негізгі технологиялық операцияларын қамтиды.
Hyundai Trans Kazakhstan зауыты 2020 жылдан бері жұмыс істейді. Кәсіпорында дәнекерлеу және бояу жұмыстарына арналған 11 өнеркәсіптік робот орнатылған. Зауыттың жылдық өндірістік қуаты — 50 мың автомобиль. 2020–2025 жылдар аралығында зауыт Hyundai маркасының 217 мыңнан астам автомобилін шығарды. 2026 жылғы қаңтар–тамыз айларында өндіріс көлемі 25 066 автомобильді құрады.
Зауытта Hyundai Tucson, Mufasa, Sonata, Elantra, Santa Fe, Palisade, Staria және Custin модельдерімен қатар Genesis брендінің автомобильдері де шығарылады.
Hyundai Tucson - HMC компаниясының маңызды модельдерінің бірі және Қазақстандағы бестселлер
Hyundai Tucson кроссовері 2004 жылдан бері шығарылып келеді. Осы уақыт ішінде модельдің төрт буыны ауысты. Hyundai компаниясы бесінші буындағы жаңа Hyundai Tucson моделін 2026 жылғы 19 тамызда ресми түрде ұсынды. 2027 жылғы Hyundai Tucson моделінің Оңтүстік Кореядағы сатылымы 2026 жылдың соңында басталады, ал әлемдік нарықтарға кроссовер 2027 жылы шығады.
Hyundai Motor Company компаниясы Tucson моделін бренд тарихындағы әлемдік деңгейде ең табысты модель деп атайды. Бастапқыда Hyundai Tucson кроссовері АҚШ нарығына шығу мақсатында әзірленген. Модельдің атауы Аризона штатындағы осы аттас қаланың құрметіне берілген. Tucson моделінің әлем бойынша жиынтық сатылымы 10 миллион автомобильден асты.

Фото: Hyundai Trans Kazakhstan зауытында Hyundai Tucson шанағын роботтандырылған дәнекерлеу
Қазақстанда Hyundai Tucson моделін шанақты дәнекерлеу және бояу жұмыстарын қамтитын ұсақ түйінді өндіріс әдісімен өндіру 2022 жылғы 1 сәуірде Алматыдағы Hyundai Trans Kazakhstan зауытында басталды. Ұсақ түйінді өндіріс іске қосылғанға дейін кәсіпорын Hyundai Motor Company аудитінен өтті, ал зауыт қызметкерлері қажетті оқудан өтті.
2023 жылдан бастап Hyundai бренді Қазақстанның автомобиль нарығында көшбасшы болып келеді, ал Hyundai Tucson брендтің ең көп сатылатын моделіне айналды.
Айта кетейік, 2026 жылғы 15 қыркүйекте Корея Республикасына сапар аясында Astana Motors компаниясы кореялық серіктестерімен автомобиль өнеркәсібін дамытуға, соның ішінде Astana Motors технопаркінде автомобиль компоненттерін өндіруге қатысты жалпы сомасы 78,3 млн АҚШ долларын құрайтын келісімдерге қол қойды.
Hyundai Motor Company компаниясымен жаңа Hyundai Tucson моделінің ұсақ түйінді өндірісін жергіліктендіру туралы келісім жасалды. Youngsan Glonet Corporation компаниясымен — дыбыс бәсеңдеткіштер мен орындық қаптамаларын өндіру, THN Corporation компаниясымен — электр сымдарының бұрауларын өндіру, ал MOTREX компаниясымен — автомобиль еденіне арналған төсеніштер өндіру туралы келісімдерге қол қойылды.
Сондай-ақ Нұрлан Смағұлов негізін қалаған заманауи өнер мұражайы Almaty Museum of Arts пен Корея Республикасының Ұлттық заманауи өнер мұражайы (MMCA) арасында ұзақ мерзімді ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Алғашқы бірлескен көрме 2027 жылғы қыркүйекте Алматыда өтеді. Ол Орталық Азиядағы Корея заманауи өнерінің ең ауқымды таныстырылымдарының бірі болмақ және Корея Республикасы Президентінің Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапарына орай ұйымдастырылады.
Жобаларды іске асыруға Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, ҚР Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитеті және Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Елшілігі қолдау көрсетеді.